MENU
Главная » Статьи » Педагогика

Сын тұрғысынан ойлай алатын, өзіндік пікірі қалыптасқан, өзін-өзі бағалай алатын жеке тұлға тәрбиелеу

Сын тұрғысынан ойлай алатын, өзіндік пікірі қалыптасқан, өзін-өзі бағалай алатын жеке тұлға тәрбиелеу

 «Тәрбиелеу үрдісі оқушыны тәрбиелеуге емес, оқушы өзін-өзі тәрбиелеуге әкелетін үрдіс болуға тиіс»
Л.С. Выготский
      Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де , жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырға нені оқыту керек?» және де екіншісі-ол да маңызы жағынан біріншіден кем емес: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Мұғалімдер жұмыстарына оқушының білімі мен дағдыларын дамытуда ғана емес, жалпы алғанда оның оқуын барынша даралау және баланың бойында метасананы –қалай оқу керектігін үйренуді қалыптастыруға мән бере отырып, оны тұлға ретінде дамытуда икемділік танытулары тиіс.(Schleicher, 2012)[1]
      Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты-қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу негізінде саяси, экономикалық және дағдарыстарында жеңіп шыға алатын, ізгілігінен ХХІ ғасырды дамытушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті, дара тұлғаны қалыптастыру» деп тұжырым жасады.[2]
      Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп айтылған. Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында: «Орта білім берудің мақсаты-жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім.( Strong,Ward and Grant,2011)[3]  Әрине, білім мен тәрбие егіз десек, неліктен мен сыныбымдағы іс-әрекетті кеңірек зерттемеске деген ой келді. Содан сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық –коммуникациялық технологияларды пайдалану, көшбасшылық  модульдері аясында сыныбымның тәрбие жұмысының даму жоспарын жасақтадым.[қосымша-1] Және де деңгейлік бағдарламадан өткеннен кейін жаңа үлгідегі жұмысымды  сыныбымның жас ерекшелігін ескере отырып, тәрбие бағытына енгізіп көрмекші болдым.
   Сын тұрғысынан ойлау –Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.[4]
   9 гимназия сыныбында 16 оқушы. 9 қыз бала, 7 ұл бала. Оқушылар өзін-өзі басқаруға бейімделген, тәртіпті, мәдениетті, жан-жақты. Сыныбымның осыған дейінгі зерттеу жұмысымның негізінде тәрбие жұмысының даму жоспарының  басымдықтары-  Сыни тұрғыда ойлай алатын, өзіндік пікірі қалыптасқан, өзін-өзі бағалай алатын жеке тұлға тәрбиелеу. Осы басымдықтар  бойынша алға қойған мақсатым: бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс жасауға мүмкіндік туғызу, оқушыларды өз жұмыстары арқылы бағалай алуға үйрету, сыни тұрғыда ойлай алатын өзіндік пікірлерін қалыптастыру.  Күтілетін нәтиже: Оқушылар топта ынтымақтаса, бірлесе жұмыс жасай алады.Сыни тұрғыда өзіндік пікірлері қалыптасады. Оқушылар өзін-өзі, бірін –бірі бағалай алады.    
      Джин Раддок «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы ретінде «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты- қабылдаушысының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады. (Rudduct et al, 2004) Одан әрі осы Джин Раддоктің «Оқушы үні» жобасы бойынша оқушылардың пікіріне назар аудардым. Зерттеуге алынған 9 гимназия сыныбы мұғалімдер мерекесіне орай өткізген «Ұстаз-ұлағатты есім» атты тәрбие шарасында «Фокус топ» әдісі бойынша модератор ролінде өзім болып,оқушыларға сауалдар бердім. 
-Мұғалімге сипаттама беріңіздер!
-ХХІ ғасыр  мұғалімі қандай болу керек деп ойлайсыздар?
 -Оқыту мен оқу үшін өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңіз...
Осы кезде оқушылар мұғалім мейірімді, жан-жақты, ақылды, білімді, оқушымен еркін пікірлесетін, әзілқой болса деп пікірлерін білдірсе, ауырып қалған жағдайда интернет арқылы үй тапсырмасын алсақ,/қашықтан оқыту жүйесі дегендері/, кітапхана электронды оқулықпен көптеп қамтамасыз етілсе, топтық оқыту жүзеге асырылса деген өздерінің ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде белгілі бір мәселені шешуде оқушылар өздерінің пікірлері есепке алынатындығына көздерін жеткізді және оқуды қалай жақсартуға болатыны туралы сенімдері нығайды. Сонымен бірге жалпы оқыту мен оқу мәселелеріне қатысты оқушылармен үнемі пікірлесіп отыру олардың өзін-өзі реттеуіне ықпал етеді және алға қарай оқушы қажеттілігіне сай жұмыстар жоспарланады.
    Әрбір аптада бейнежазбалар, таныстырылым, топтық жұмыс, түрлі тренингтер, логикалық есептер, сергіту сәттері, кері байланыс арқылы оқушылардың сыни тұрғыда ойлай алуға бағыт беруге, өзіндік пікірлерін қалыптастыруға түрлі іс-шаралар өткізудемін. Оқушылардың шараларға қатысы, қызығушылықтары ерекше. Және әрбір аптаның жұма күні топтық зерттеу жұмысы, яғни «Аптаға шолу» жобасы /сыныпта 3 топ/ тыңдалып, оқушылардың жүргізген жұмыстары критерий бойынша бағаланып, сараланып отырады. Бұл жұмыстар тоқсан аяғында қайта қаралып, қайта бағаланып, ең құнды жұмыстарға байрақтар беріледі. Нәтижесінде өзін-өзі ,бірін-бірі бағалай алады, әрі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде компьютер, ұялы телефон, фотоаппарат, интерактивті тақта, планшетті пайдалануды еркін меңгереді. Ал әрбір сенбі күндері сынып оқушыларымен кері байланыс жүргізіліп, онда қандай шараға қалай қатысқандары, қай шараның ұнағаны немесе ұнамағаны, сабақтарға қатысы, қандай әдіспен өткізілген сабақтардың ұнағаны жөнінде пікірлері «Майевтика», «Фокус топ» әдісі бойынша талқыланып, келесі аптаға жұмыстар жоспарланады. Оқушылардан алынған кері байланыс жазбаларына тоқталсақ:
Гүлнұр: «Алға қойған мақсатымызға бірлесе, топтаса жұмыс жасай отырып жетеміз. Ал егер де әркім өз-өзімен жүретін болса, барлық мақсаттар орындалады деп ойламаймын. Сол себепті бірлесе жұмыс жасасақ.»
Сағынай: «Менің талпынысым,қызығушылығым, ынтам жоғары. Ешқандай пәндерден көмек керек емес деп ойлаймын. Өзім қол жеткізеалуға толық мүмкіндігім бар. Себебі сабақтар қызықты, түсінікті өтуде.» Міне, оқушылар қай нәрсеге қалай қол жеткізулеріне болатындығына ерікті түрде өз пікірлерін жазып отыр. Оқушылардан алған кері байланыстан кейін пән мұғалімдерінен де кері байланыс жүргізіліп отырады. Нәтижесінде пән мұғалімдері де оқушының ой-пікіріне қарай ізденіп, тың идеялармен сабақтарын қайта жоспарлайды. Сыныптың ата-аналарына да кері байланыс дәптерлері жолданып, өз баларының күнделікті жазған кері байланыс жазбаларын оқып, балаларының әр күнгі тыныс-тіршілігімен танысып, ата-аналар да өзіндік пікірлерін жазады. Кері байланыстың тиімділігі ата-ана үздіксіз мектеппен жазба арқылы байланыста болады әрі өз балаларының және мектептегі өзгерістермен үнемі хабардар болатындығы. «Мен сен сияқты», «Бәрібір сен азаматсың», «Мен сыншыл досыма сенемін, себебі ...», «Досыма хат»  атты тренингтерде оқушылар сыни ойлау арқылы бірін-бірі бағалау, сыйлау, өзін-өзі тану, ынтымақтастық, достық туралы керемет құнды пікірлерін ашық айтты.
Сонымен қатар сыныпта «Сыншы дос» жобасы жүзеге асуда. Онда сынып оқушылары бір-біріне сыншы дос болып, күнделікті сабағына, тәртібіне, басқа да іс-әрәкетіне сын-ескертпелерін мәдени түрде айтып, одан нәтиже шығаруға тырысады. Хаттардан үзінді келтірсем: 
       «Сыншы досым Гүлнұр! Досым Гүлнұр, сен осы аптада сабақтарға белсенділікпен қатыстың, мұғалімдер сені жақсы бағалап, марапаттады. Алға қарай да осы белсенділікпен жүре бер. Сыншы досың Диас.» 
     «Құрметті сыншы досым-Шыныбек! Сен өткен аптада өз-өзіңді көрсете алмадың. Сабаққа деген ынтаңды көтеруге тырыс. Көп апайдан ескерту алдың. Сен тәртіпті болып, сабаққа қызығушылық танытсаң жақсы оқушысың. Өз-өзіңді сабырлы ұстап үйрен. Мен саған сенемін. Осы апта саған сәттілік әкелгей. Сыншы досың Ақерке.» Зер салып қарасақ, екі хат екі түрлі , екі түрлі сыни пікір. Осы пікірдің өзі оқушының өзін танып, алға қарай ынталануына, өз-өзін реттеуіне әсер етеді деп ойлаймын. 
 Сөзімнің соңында сыныбыммен осыған дейін жүргізілген жұмысын SWOT анализі арқылы талдасам:
күш әлсіздік
Бірлесе ынтымақтаса жұмыс жасауы
Сыни тұрғыда ойлау арқылы пікірлерін нақты айтуы
Сөйлеу мәдениетінің артқандығы
 Шараларға ерікті түрде ынтымақтаса қатысуы
Ұялы телефонды, үзілісті тиімді пайдалануы
 Логикалық есептерді минутқа тез ойлап шығарулары
 Өздеріне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқарулары
  Ортаға  тез бейімделулері
 Өзін-өзі, бірін -бірі бағалай алулары
Сабақтарға ынталанып қатысулары Кейбір ата-аналардың тікелей мектеппен байланысының төмендігі
Өтіліп жатырған шараларға ата-ананың аз қатысуы
кедергі мүмкіндік
Сыныпта бір оқушымның ойын еркін жеткізе алмауы
Өз-өзіне сенімсіздігі Әлі де оқушылардың қажеттілігіне, жас ерекшелігіне сай жаңа үлгіде іс-шаралар ұйымдастыру
Категория: Педагогика | Добавил: admin (25.05.2014)
Просмотров: 2649 | Теги: өзіндік пікірі қалыптасқан, Сын тұрғысынан ойлай алатын, өзін-өзі бағалай алатын жеке тұлға | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar

Хостинг от uCoz